Атом электр станцияларын салу

Өнеркәсіп көлемінің өсуі, жаңа жобалардың іске қосылуы, барлық процесстердің автоматтандырылуы мен урбанизация белең алып келеді. Бұл өз кезегінде ресурстарды пайдалану қарқынының артуына алып келеді. Оның ішінде, электр мен жылу энергиясы. Салалық министрлік мәліметінше, Қазақстанда 2035 жылы электр қуатын пайдалану көлемі сағатына 152 миллиард киловаттан асады. Жеткілікті көлемде қуат көздерін қамтамасыз ету үшін сенімді қуат көздері керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында, Қазақстан үшін таза атом энергиясының өте маңызды екенін атап өтті. Бұл ел экономикасы үшін де аса қажет. Қазақстан Атом Электр Станциясы директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, аталған станция бұл қуат жетіспеушілігі мәселесін біржола шешіп, еліміз өз мойнына алған көмірқышқыл бейтараптығы бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздік пен тәуелсіздікке түбегейлі қол жеткізуге жол ашады. Оның үстіне, елімізде нысанның жұмыс істеуіне қажетті ресурстар бар. Атап айтқанда табиғи уран қоры мен ядролық отын компоненттерінің өндірісі жолға қойылған.

 

Тимур Жантикин, Қазақстандық атом электр станциялары бас директоры:

- Мәселені кейінге қалдыруға болмайтын кез келді. Кен көздерінде де белгілі шектеулер бар. Бүгінде бізде гидроресурстар көп емес, газ да ұзақ уақыт жетпейді. Көмірдің де тауысылатын кезі келеді. Жаңартылатын энергетика деп жатады. Бірақ ол мүлдем басқа сала. Баламалы қуат көздері кіріктірілген қуат көзі десе де болады. Яғни ол ешқашан базаны алмастыра алмайды. Ол анық та. Біз тек көмірге ғана сенім арта алмаймыз.  Уақыт аз болғандықтан, шұғыл түрде әртараптандыру қажет. Сондықтан базалық генерацияның екінші көзі атом генерациясы болып табылады.

АЭС салу мәселесін қазақстандықтар шешеді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені бүкілхалықтық референдум арқылы қарауға шығаратынын атап өтті. Бұған дейін елімізде ауқымды қоғамдық тыңдаулар өтеді. Қазақстандықтар сарапшылардың пікрілерін тыңдап, талқылаулары тиіс. Содан кейін ғана еркін ниет білдіру барысында салмақты шешім қабылдау керек.