Астанада Сирия бойынша келіссөздердің кезекті раунды өтуде
Елорда тағы да диалог алаңына айналды. Қазақстан астанасы Сирия бойынша
Астана процесі XXI раундының қатысушыларын қабылдады. Сирия мәселесі бойынша аталған
ел үкіметі мен Қарулы Сирия оппозицияның делегациялары Ресей, Түркия және Иран
елдері өкілдерінің қатысуымен екіжақты және үшжақты келіссөздер жүргізуде. Естеріңізге
сала кетейік, 2023 жылдың маусымында республика келіссөздердің соңғы отырысын
өткізіп жатқанын хабарлады. Дегенмен кепілгер елдер Қазақстанға Астана
процесінің жұмысын қайта бастау туралы өтініш білдірді. Өз кезегінде бұл
алаңның маңыздылығы мен реттеу тетігінің
тиімділігін тағы бір атап көрсетеді. Бақылаушылар ретінде Иордания, Ирак және
Ливан, сондай-ақ БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы
мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің өкілдері келді. Ресей делегациясының
басшысы Александр Лаврентьев атап өткендей, қазір Қазақстанның халықаралық
істердегі белсенділігі артып келеді. Бүгінде еліміз бітімгершілік қызметке атсалысып
келеді.
Александр Лаврентьев, Ресей делегациясының басшысы:
- Біз Қазақстан басшылығының Сирия
мәселесін реттеуге де белсенді қатысқысы келетінін көріп отырмыз. Бұл жерде
мына ақпарат мәлім деп ойлаймын. Қазақстанның контингенті Голан жотасындағы
бітімгершілік іс-шараларға қатысады. 139 әскери қызметші БҰҰ-ның Голан
жотасындағы миссиясына атсалысады. Ол жерде біздің «Росгвардияның» да
бітімгерлері өңірдегі тұрақтылықты қолдап отыр. Мемлекеттеріміздің осы алаңда
да өзара ықпалдастығы артады, әрі пайдалы болады деп ойлаймын. Сондықтан Астана
форматы Сирия мәселесін реттеуде өте тиімді тетік болып қала береді деп
есептеймін. Дегенмен Сирия мәселесін реттеуді аяқтайтын кезең әлі алыста екені
түсінікті. Қарсы тараптардың арасындағы сенім деңгейі әлі төмен күйінде қалып
отыр.
Сирия бойынша келесі кездесу 2024 жылдың екінші жартысында Астанада өтеді
Кездесудің
қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия «Астана форматындағы» кепіл елдер
ретінде бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда Сирия мәселесін бейбіт жолмен шешу
жұмыстарын жалғастыру және гуманитарлық көмек көлемін арттыру, сондай-ақ
сириялық босқындарға қолдау көрсету және елге азаматтардың оралуына жағдай
жасау керектігі атап өтілді. Сонымен қатар тұтқынға түскендерді босату
қамындағы шараларды күшейту туралы шешім қабылданды. бұдан бөлек тараптар 2024 жылдың екінші
жартысында Астанада Сирия бойынша 22-ші Халықаралық кездесу өткізуге келісті.

