Жер қойнауын пайдаланушыларға арналған тұңғыш онлайн аукционнан 61 млрд теңге түсті
Қазақстанда көмірсутектерді барлау мен өндіруге мүмкіндік беретін алғашқы онлайн аукцион өтті. Бақталастық саудаға қойылған 7 учаскенің бастапқы құны 263 млн теңгені құрады.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, ең ұзақ тартыс Атырау өңіріндегі екі учаске үшін болған. Еске салайық, аукцион жеңімпазы ол жердің иесі атанбайды, ол тек оның қойнауын пайдалануға құқық береді. Сауда онлайн түрде өткендіктен, қатысушылар бірін-бірі көре алмайды. Ондай ақпарат салалық министрліктер үшін де қолжетімсіз.
Қазақстанда геологиялық барлау қарқыны артып келеді
Мемлекеттік бағдарламаның аясында елімізде геологиялық барлау қарқыны еселенеді. Ол бюджет қаржысы және жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен жүзеге аспақ. Қатты пайдалы қазбаларды іздеу шараларына 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қолға алынған бұл жаңа жоба өндірістік аймақтардағы өзекті экологиялық мәселелерді шешуді көздейді. Қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттар үшін төлемдер ондағы қалалар мен аудандардың бюджетіне түседі. Ол қаржы толығымен экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалады.
МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
- Біз бұл норманы экологиялық кодекске енгіздік. Ол барлық қаражаттың жергілікті бюджетте қалауын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, 100 процент экологиялық шараларға бағытталады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов