Астанада Қазақстан - Ауғанстан бизнес-форумы өтеді

Тараптар өзара алыс-беріс, инвестициялар, энергетика және көлік-логистикасы мен жаңа сауда бағыттарының әлеуетін талқылайды. Ауғанстан Орталық Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдерін байланыстырушы көпір іспетті. Ең бастысы осы ел арқылы  Таяу Шығыс және Африкаға жол бастайтын теңізге шығуға болады. Сондай-ақ Ауғанстан Орталық Азия аймағында Қазақстанмен ең көп сауда жасайды. Қазір екі жақты тауар айналымы 1 млрд долларға жуықтаған. Еліміздің әлі де 500 млн доллардан астам жаңа тауар түрлерін қосымша экспорттауға әлеуеті бар. Алдағы жылдары өзара сауда-саттық көлемін 3 млрд долларға жеткізу жоспарлануда. Осы және өзгеде басымдықтарды елордада бас қосатын 400-ден астам делегат талқылайтын болады.   

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Ауғанстанның сауда министрі Нұриддин Азизи бастаған 200-ден астам делегация күтілуде. Делегацияның негізгі мүшелері  олар бизнесмендер, энергетика, телекоммуникация, Орталық банк және банктер өкілдері, кілем, сусындар, асыл тас өндірушілері және тағы басқалар. Ауған делегациясының барлық мүшелері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциялық тізімдеріне кірмейтінін және тиісінше оларға қандай да бір шектеу шараларын қолдануға болмайтынын бірден атап өткім келеді.

Бүгінде қазақстандық ұн экспортының 70% Ауғанстанға тиесілі екенін айта кеткен жөн. Былтыр оның көлемі 50%, ал бидай тасымалы 20% артқан. Бізден күнбағыс майы тіптен 6 есе көбірек импорттала бастаған. Сондай-ақ отандық қара бидай, дәрілік заттар, тыңайтқыштар және прокат экспорты  жолға қойылған. Өз кезегінде бұл ел бізге жеміс, көкөніс, жаңғақтар сынды түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсына алады. Ауғанстан тауарларының  сапасымен форум аясында өтетін көрмеде танысуға болады.