Қазақстан Үкіметі көлеңкелі экономикамен күресті күшейтпек

Ол үшін 2025 жылға қарай көтерме және бөлшек саудадағы көлеңкелі айналымды 5%-ке дейін төмендету, сондай-ақ көлік және қоймалау саласында 2,4% көрсеткішіне қол жеткізу жоспарланған. Ал елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі керісінше, 37,5%-ке дейін арттырылмақ. Министрлер кабинеті бекіткен тиісті кешенді іс-шаралар жоспары алдағы 2 жылға арналған. Оны Қаржылық мониторинг агенттігі әзірледі. Жалпы, республикада көлеңкелі экономикамен күресу үшін бірқатар жүйелі шаралар қарастырылған. Олар салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге, тиімді бәсекелестік пен бюджетті бөлуге, халықты заңсыз бизнестен қорғауға бағытталған.  Мұның барлығы кедендік тексерулердің тиімділігін арттырып, ондағы рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елде бейресми жұмыспен қамтуды қысқарту, заңсыз жұмыстардың жолын кесу қарастырылған.