Жыл басынан 13,5 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Қазақстанда жыл басынан бері 13 жарым мыңнан аса адам қандас мәртебесін алды. Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, этникалық қазақтардың 55%-тен астамы тарихи отанына Өзбекстаннан келген. Қалғандары Қытай, Моңғолия, Ресей, Түрікменстан және басқа мемлекеттерден. Тарихи отанына оралғандар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты еңбек күші тапшы өңірлерге көшіп келгендерге қоныс аударуға субсидия түрінде, сондай-ақ тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Айта кетейік, осы жылғы этникалық қоныс аударушылардың 16%-і жоғары, 36%-ы орта кәсіби, қалған 40%-ке жуығы жалпы орта білімді.