125 мың қазақстандық колледжде оқуға грант алды

Биыл колледжде оқуды таңдаған қазақстандықтардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. 125 мың жас техникалық және кәсіби білім меңгеруді қалапты. Бұл былтырмен салыстырғанда 45 мыңға көп, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі. Студенттердің басым бөлігі инженерия, білім беру, құрылыс, туризм, қонақ үй бизнесі мамандықтарын таңдады.  Атап өтерлігі үстіміздегі жылы тегін оқуға түскісі келетіндерге арналған квота кеңейтілді. Көпбалалы және толық емес отбасы балалары үшін, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін қосымша орындар бөлінді.

Насымжан Оспанова, ҚР оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:

– Президенттің тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі. Мысалы, биылдың өзінде 52 мыңнан астам студент оқуға түсу кезінде инженерия, өңдеуші және құрылыс саласы сияқты мамандықтарды таңдады. Сонымен қатар, биыл 8 мыңға жуық студент алғаш рет жұмысқа орналасу міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтініші бойынша мақсатты оқыту аясында грант алды. Мақсатты мемлекеттік тапсырыс колледждерге еңбек нарығының сұранысы бойынша кадрлар дайындауға мүмкіндік береді. Яғни балалар оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасады.

Биыл талапкерлер құжат тапсыру кезінде төрт мамандыққа дейін және төрт колледжге дейін таңдау мүмкіндігіне ие болды.