17 миллионнан астам қазақстандық санақтан өтті

17 миллионнан астам қазақстандық санақтан өтті

Қазақстандықтардың 92% жуығы, яғни 17 миллионнан астам адам жалпыұлттық халық санағына қатысты. Олардың 40,4% санақтан онлайн өткен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді.

Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы:

- Санақтан өткендер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда санаққа қатысқандар қатары бұған дейін тіркелген халық санына шаққанда 107,5% құраған. Екінші орында Түркістан облысы, онда халық санағына 98,6% немесе 2 032 333 адам қатысты. Үшінші орында Жамбыл облысы, мұндағы санақтан өткендер саны халықтың 98,6% немесе 1 129 863 адамды қамтиды.

Айта кетейік, санаққа онлайн қатысуда Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары, сондай-ақ Қызылорда және Жамбыл облыстарының азаматтары белсенділік танытқан. Ал Алматы, Шымкент және Алматы облысының тұрғындары халық санағына қатысудың дәстүрлі форматын таңдаған.

Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы:

- Бұған дейін біз Алматы облысының Балқаш ауданы мерзімінен бұрын сауалнама шараларын аяқтағанын айтып едік. Біртіндеп еліміздің басқа да аудандары санақты аяқтағандары туралы мәліметтер беруде. Осы Алматы облысындағы Кербұлақ ауданында сауалнама мәресіне жетті. Халық санағы аясында мәліметтер жинау жұмысы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында аяқталды. Ал Павлодар облысының 8 бірдей ауданы санақ аясында сауалнама жүргізу шараларын бітірді.

Қазақстанда 1-7 қараша аралығында үй-үйді аралаудың қорытынды бақылауы жоспарланғанын айта кеткен жөн.