Елордада Жаңа жылды қайда қарсы алуға болады?

Елордада Жаңа жылды қайда қарсы алуға болады?

Көптен күткен Жаңа жылға санаулы ғана сағат қалды. Мерекелік қарбалас сәт басталды. Оны елдің бас шаһарында қалай қарсы алып, халықпен бірге қайда думандатуға болады? Үйдегі әзірлік дайын болса, көппен орталық алаңдарға ағылып, мерекелік шаралардан жақсы көңіл-күймен қуаттануға мүмкіндік бар. Бұл күндері елордалықтар мен қала қонақтарын қаланың барлық ауданында мерекелік бағдарлама күтеді.

Ақерке Жұманбаева, Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

- Кешкі концерттік бағдарлама аясында 22:00-ден 02:00-ге дейін Мемлекет басшысының құттықтауын онлайн-трансляциялауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ танымал қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама және Аяз ата мен Ақшақардың театрландырылған қойылымдары ұйымдастырылады.

Барыс жылы аяқ басқан сәттен кейін де, яғни сағат 00:00-ден соң таңғажайып оқиғаларға толы ертегілер саяхаты жалғасады. Қаңтар айындағы демалыс күндері қала мұражайлары өз қонақтарын күтеді. «Жастар» театры да жаңажылдық қойылым әзірлеп қойған. Ал елордалық цирк ұжымы келушілерді ерекше шоумен қызықтырмақ.

Ақерке Жұманбаева, Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

- Балалар үшін демалыс күндерін қызықты етіп ұйымдастыруға тырыстық. «Круэлла және жаңажылдық эликсир» сынды біздің театрларымыздың жаңа қойылымдары сахналанады. Жаңа сценарийлер, костюмдер, әртістер болады. Біздің балаларымыз үшін түрлі мерекелік шара өтеді. Пандемия кезінде барлығымыз төрт қабырғаға қамалып үйде отырдық, қарым-қатынас үзілді, ешкіммен сөйлеспедік. Сондықтан қала әкімдігі елордалықтар мен қонақтарына ұсынған әр бағдарлама аса қызықты болатынына сенімдімін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендерді ғажайып пен сиқырға толы оқиғалар, әркімнің қалауына сай қызықты мерекелік шаралар күтеді. Эпидахуалға байланысты санитарлық талаптар қатаң ескеріледі. Сондықтан әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде киюді ұмытпаған абзал.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов