2021 жылы Ұлттық қордан 4,5 трлн теңге жұмсалған

2021 жылы Ұлттық қордан 4,5 трлн теңге жұмсалған

2021 жылы Ұлттық қордан алынған қаражат түскен кірістен асып кеткен. Бұл туралы Парламенттің бірлескен отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы мәлімдеді. Наталья Годунова өз кезегінде, Ұлттық қор қаржы ресурстарын қордалаумен  қатар, әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалға бюджеттің тәуелділігін төмендету мақсатында құрылғанын еске салды.

Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп Комитетінің Төрағасы:

– 2015 жылдан бері Ұлттық қорды белсенді пайдаланып келеміз. 2019-2020 жыл туралы айтпасақ та болады. Себебі, пандемиямен байланысты дағдарысқа қарсы шараларға қаржы қажет болды. Бірақ 2021 жылы жалпы ахуал айтарлықтай жақсарды. Мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатына арқа сүйемеуі керектігі туралы берген нақты тапсырмасына қарамастан, қордан аталған жылы 4,5 трлн теңге жұмсалған. Ал бұл кезеңде Ұлттық қорға 4,3 трлн теңге ғана кіріс түскен.

Сондай-ақ Есеп комитетінің төрағасы Қос палата депутаттарына және Үкімет мүшелеріне бюджетті жоспарлаудың біржылдық кезеңіне қайта көшу туралы ұсыныс жасады. Бұл ретте, біржылдық жоспарға қайта көше отырып, отандық бизнес өкілдері мен инвесторларға бұған дейін қабылданған міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қажет деді ол.  

Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп Комитетінің Төрағасы:

– Үш жылдық бюджет деген формалды дүние ғана болып қалғаны баршаға аян. Оны қалыптастырудың өзіне ғана өте көп уақыт кетіп жатыр. Ал нақтылау және түзету кезінде алғашқы бір жылы ғана ескеріледі. Қалған екі жылына мән де берілмейді. Келесі кезеңге бюджет жоспарлаған кезде өткен жолы қолдау тапқан шығыстардың бір бөлігі түсіп қалуы да мүмкін. Салдарынан аяқсыз қалған жобалар, құрылысы бітпей қалған нысандар пайда болады. Біздің ойымызша, біржылдық бюджет жоспарлау жүйесіне оралу мәселесін көтеретін кез келді.