2023 жылдың саяси қорытындылары
2023 жыл
еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиғалармен ерекшеленді. Қазақстанда маңызды
реформалар жүзеге асырылды. Олардың барлығы демократиялық және азаматтық қоғам
құруға, экономиканың өсу динамикасын сақтауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге
бағытталған. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы – Арман
Тоқтышақовтың пікірінше, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі
қалыптастырылды. Адам құқықтарын қорғау мәселесіндегі маңызды саяси
институттардың бірі - Конституциялық Соттың осы жылы жұмысының басталуы да
маңызды реформа болды.
Арман
Тоқтышақов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Ол неге маңызды
десек. Ең алдымен Президенттің саяси реформалар бағдарламасының аясында
құрылды. Конституциялық Сот – мемлекеттік басқару жүйесіндегі аса маңызды
орган. Ол тежеу мен тепе-теңдік жүйесі жұмыс істеуі үшін қажет. Оның үстіне,
Конституциялық Сот төрелігінің әділдігі үшін де аса қажет. Биыл оған Төраға мен
судьялар тағайындалып, енді Конституциялық Сот Жоғарғы Соттың жұмысын
толықтырып отырады.
Сарапшының
айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары кезең-кезеңмен жүзеге
асырылып, ел өміріне енгізілетін болады. Мұндай ауқымды реформалар үшін - бұл
заңды да.
Арман
Тоқтышақов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Биылғы, яғни,
2023 жылы болған саяси өзгерістер бір сәтте болған жоқ. Олар, 2022 жылы болған
саяси реформалардың нақты жалғасы екенін естен шығармауымыз керек. Себебі,
былтыр маусым айында Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум өтті.
Сол кезде барлық реформалардың құқықтық базасы қалыптасты. Мәселен, бағана
айтқан Конституциялық Сот туралы шешім былтыр қабылданды. Сонымен қатар,
көптеген, экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің негізі қаланды.