Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Джули Стаффт бұған дейін АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінде атқарушы хатшы болған. Мемлекеттік департаментінде жауапты қызметтер атқарған. Оған дейін Американың Польшадағы, Эфиопия, Джибути, Малдова, Ресейдегі елшіліктерінде жұмыс істеген. Румын, орыс, поляк, француз, жапон тілдерін жетік біледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Джули Стаффтпен әңгіме барысында АҚШ-қа жасаған сапары табысты өткенін ықыласпен еске алды. Жақында Мемлекет басшысы Дональт Трамппен тағы кездесуі мүмкін. Өйткені АҚШ Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон арқылы хабарласып, G20 саммитіне қатысуға шақырған.


Джули Стаффт, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:


- Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысын сауда-экономика, мәдениет, қорғаныс және гуманитарлық салалардағы байланысымызды нығайтуға, екі ел халқының арасын жақындатуға қолдануымыз қажет. Бұл жұмыс қазірден басталады. Ресми қызметімнен бөлек, отбасыммен бірге осынау тамаша елмен жете танысқымыз келеді. Қазақстан халқымен араласып, елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін жақыннан білуге ниеттіміз. Осы елге келгенімізге шын жүректен қуаныштымыз.

Ал Георги Петров Воденски - Болгарияның Сыртқы істер министрлігінде департамент басқарған. Мамандығы түркітанушы, саясаттану магистрі. Түркияның Эдирне қаласында вице-консул болған. Мемлекет басшысы Болгария елшісі арқылы Президент Румен Радевке сәлемін жолдап, оның былтыр елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай тың серпін бергенін айтты.