Қаржы мониторингі агенттігіне талдау-сараптау жұмысын күшейту жүктелді
«Шаш ал десе, бас алып», шектен шығуға болмайды. Мемлекет басшысы Қаржылық
мониторинг агенттігінде өткен жиында құзырлы орган өкілдеріне ескерту жасады.
Шені мен қызметін пайдаланып, бизнеске кедергі келтіретіндерге қатаң шара
қабылданатынын айтты. Сондай-ақ, енді қаржы пирамидаларын насихаттап, адамдарды
заңсыз схемаларға тартқан тұлғалар темір торға тоғытылады. Заңды тұлғалардың
күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жаза да күшейеді. Жиында тағы қандай
бастама көтерілді? Қымсынбай қылмысқа баратындардың жайы не болмақ?
Бес жыл бұрын елде ауқымды реформалар басталған тұста Қаржылық мониторинг
агенттігі құрылды. Осы уақыт ішінде құрылым бірқатар маңызды нәтижеге қол
жеткізді. Былтырдың өзінде қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық
жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 млрд
теңгеден асады. 80-нен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы
пирамидасы жойылды. Бұл жұмыстың бір парасы ғана. Мемлекет басшысы агенттіктің
жұмысына жоғары бағасын берді. Алайда, мұнымен тұралап қалуға болмайды.
Агенттікке талдау-сараптау жұмысын күшейту жүктелді. Бұл тұста цифрлық жұмыс
тәсілдері ауадай қажет болады. Себебі, құқық қорғау мекемелеріне техникалық
тұрғыдан артта қалуына болмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.
Қазір қарақшылар жасанды интеллект арқылы арам пиғылдарын іске асыруда. Түйені
түгімен жұтқандар да азаймай тұр. Мемлекет басшысы мұндай заңсыздықтарға
тосқауыл қою керегін шегелеп айтты. Себебі, мұндай теріс ахуал ел экономикасына
орасан зор зардабын тигізіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті,
аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет
белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау.
Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей
байланысты
Өңірлерде қара басныың қамын күйттеп, адал бизнестің тынысын тарылтып
жүрген құқық қорғау органдарының жекелеген өкілдері бар. Мемлекет басшысы
мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін қадап айтты. Егер кәсіпкерлікке әдейі
кедергі келтіргені дәлелденсе, қатаң шаралар қабылданатынын ескертті. Себебі
бизнестің дамуын тежейтін әрекет мемлекет мүддесіне қарсы жасалған ауыр
қылмыспен тең. Келтірілген деректер де ойландырмай қоймайды. Өткен жылы
агенттік 2710 қылмыстық іс қозғағанымен, соның 1061-і негізсіз деп танылып,
тоқтатылған. Бұл жай ғана статистика емес. Әрбір жабылған істің артында
уақытынан, қаржысынан, кейде беделінен айырылған кәсіпкер тұр. Мұндай жағдайлар
инвестициялық ахуалға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан Президент
кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет
екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек.
Елімізде заңсыз криптоалмасумен айналысқан 130 компанияның қызметі
тоқтатылды. Олардың қаржы айналымы 62 млрд теңгеден асқан. Тергеу аясында 2,6
млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Алайда, цифрлық валютаға ақша айырбастауды
ұсынатын жарнамалар әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Бұл мәселенің түбегейлі
шешілмегенін айғақтайды. Еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан
әлем бойынша көш бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Ал осындай қылмыс үшін
сотталғандар жоққа тән. Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке аталған мәселелер
бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырды. Жиында қаржы пирамидаларымен күрес
мәселесі де қозғалды. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп,
жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат
жабылды. Десе де, алаяқтың арбауына ілініп, бармақ тістеп жатқандар көп.
Сондықтан енді қаржы пирамидаларын насихаттап, адамдарды заңсыз схемаларға
тартқан тұлғаларға құқықтық жауапкершілік енгізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді.
Былтыр қазақстандық банктердің бірі арқылы көршілес елден басқа мемлекетке
7 трлн теңгеден астам қаржы жөнелтілген. Мұндай алаяқтық схемаларға қаржы
ұйымдарының да қатысы болуы мүмкін. Сол үшін Мемлекет басшысы Қаржы мониторинг
агенттігіне Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен
бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды
күшейтуді тапсырды. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын үлгілі
атқарғаны үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бір топ қызметкерін мемлекеттік
наградамен марапаттады.

