2023 жылы Қазақстанда 410 мың бала бірінші сыныпқа барады

Қазақстанда бірінші сыныпқа қабылдау құжатын 350 мыңнан аса оқушы тапсырған. Ата-аналардан өтініштердің ең көп саны Шымкент, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының жалпы білім беру ұйымдарына түскен. Білім министрлігінің алдын ала болжамы бойынша, жаңа оқу жылында 410 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бірінші сыныпқа баратындардың басым бөлігі Түркістан облысында. Онда 51 мыңнан астам бала әліппемен  танысады. Ал,  Алматыда – 29 мыңдай, Шымкентте – 27 мыңға жуық бүлдіршін мектепке бармақ.

Гүлмира Құлсариева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:

- Заңға сәйкес бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап қабылданады. Ол үшін ата-ананың өтінішімен бірге денсаулық жағдайы туралы құжаттар және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса беріледі.

Еске сала кетейік, елімізде құжаттарды қабылдау 1 сәуірден бастап, 1 тамызға дейін жүргізіледі. Құжаттар демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. Мемлекеттік білім беру қызметі «электронды үкімет» веб-порталында және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерінде қолжетімді. Айта кету керек, жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушылары елімізде салынған 100 жаңа мектептің табалдырығын аттайды.