Көпке үлгі кеншілер әулеті

Көпке үлгі кеншілер әулеті

Жұмысшы мамандық жылының кезекті кейіпкерін таныстырамыз. Бұл жолғы азамат көпке үлгі болған кеншілер отбасының отағасы Нағашыбек Қанатбай. Ал, табандылық пен жауапкершілікті талап ететін мамандықты екінің бірі таңдай бермейді. Көмір өндірісінде ширек ғасыр жұмыс істеген еңбек адамы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Қонарбаевтар әулетінің 3 азаматы осы салада екпінді еңбек етуде. Өмірлік өлшемін өнегеге айналдырған еңбек адамы жайлы өңірдегі әріптесім Жанбота Рахметуллаұлынан естіп білейік.


Нағашыбек Қанатбаев Өзбекстаннан өңдірісті өңірге 2000 жылы қоныс аударыпты. Ол «Восточная» орталық байыту фабрикасында 25 жыл бойы қажырлы еңбек еткен. Кәнігі кәсіби маман көмір өндірісінде шар болаттай шыңдалды. Еңбек адамы биыл абыроймен зейнетке шықты.


Нағашыбек Қанатбаев, көмір саласының ардагері:


- Шахталардың барлығында істедік. Енді әрине жұмыс тартады ғой. Кішкене денсаулықтың арқасында демалсақта, бір жерге кіріп әліде  жұмыс істейім деген ойымда бар. Үйде отыра алмаймыз. Сонша жыл істедік.


Кеншілер әулетінде отбасылық дәстүр жалғастығы үзілген емес. Нағашыбек Қонарбайұлының қос ұлы да әке жолын жалғаған. Қазір үлкен ұлы Олжас «Шахтинск» шахтасында үңгуші болып жұмыс істейді.


Олжас Қонарбаев, «Qarmet» АҚ «Шахтинск» шахтасының үңгушісі:


- Оңай жұмыс жоқ ғой. Әр жұмыстың өзінің бір ауыр жерлері болады. Шахтада енді қатты ауыр деп айта алмаймын. Жұмыс істеуге болады. Жақсы көрсең сен үшін ол ауыр емес деп есептеймін. Шахтерлар өте еңбекқорадамдар деп есептеймін. Өз істерінің мамандары.


Ал, Досбек «Тентек» шахтасының электровозмашинисі. Епті жігіт нәбәрі бір жылда жер асты техникаларынының тілін де тез арада меңгеріпті.  Жұмысты ең маңызды талап қауіпсіздік деген ұстанымды ол берік ұстанады.


Досбек Қонарбаев, «Qarmet» АҚ «Тентек» шахтасының электровоз машинисі:


- Енді сол құтқарушы болып жұмыс істегеннен кейін, жалпы бүкіл нені көргеннен кейін, ондай қатты қорқыныш болған жоқ. Бірақ енді үйдегі анамыз қатты уайымдады. Қиын жерлері де бар. Бірақ енді үйреніп кеттік. Қауіпсіздік техникасы, жаңағы бізге рация келіп жатыр. Сонымен рациямен айтып, барлығы ыңғайлы. Машнист ретінде адамдарды да материалдарды да тасимын.

Қонарбаевтар әулеті бүгінде көпке үлгі. Кейіпкеріміздің салған сара сүрлеуін ұлдары даңғыл дара жолға айналдырды. Өңірде Qarmet компаниясына қарасты 8 кен орнында 16 мың кенші жұмыс істейді. Қарағанды облысындағы Абай, Саран, Шахтинск, Қарағанды қалаларындағы жұрттың көбі осы шахталарда еңбек етеді.Мұның айқын дәлелі ретінде өңірде осындай  мыңдаған отбасылық династия бар.