7 қазақстандық стартап Кремний алқабында өткен конференцияда таныстырылды

Орталық Азия мен Моңғолия елдерінің 14 стартапы Сан-Францискода TechCrunch дүниежүзілік көрмесінде таныстырылды. Олардың тең жартысы қазақстандық жобалар. Осы отандық өнертабыс иелері Кремний алқабының инвесторларына IT өнімдерін ұсынды. Қазақстандық жобалардың қатарында жасанды интеллект және нейро-радиология саласындағы тың зерттемелер бар.  Бұл туралы Silkroad Innovation хабының негізін қалаушы және бас директоры Әсет Әбдуәлиев мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа хаб Түркі әлемі және Орталық Азия елдерінің цифрлық шешімдер аймағын кеңейтуге қатысты  күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Инновациялық қоғам өңірдің IT-мамандары, кәсіпкерлері мен әзірлеушілері арасында білім алмасу және серіктестікті дамыту үшін желілік тұғырнамаға айналды.  Өз саласының хас шеберлерінің күшін шоғырландыру алдағы 5-7 жылда өршіл нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Біріншіден, стартаптарға шамамен 300 миллион доллар инвестиция тарту міндеті тұр.  Сонда хаб мүшелерінің IT өнімінің экспорты шамамен бір жарым млрд долларды құрауы мүмкін.

Әсет Әбдуәлиев,  Silkroad Innovation хабының негізін қалаушы және бас директоры:
-  Silcroad хабының құрамында бірнеше ел бар. Яғни, біз 8 елдің фаундерлерімен жұмыс істейміз. Орталық Азия аймағының 5 елі, Әзірбайжан, Түркия және Моңғолия кіретін Орталық Еуразия өңірін осы бағытта дамытқымыз келеді. Біздің басты мақсатымыз - өзімізді әлемге, старперлер, венчурлық инвесторларға танытып, өңір әлеуетін барынша паш ету.  Стартаптар үшін басты мақсат - жаңа инвесторлар мен тұтыну аудиториясын табу және әлеуетті серіктестік қатынастарды жолға қою. Ұйымдастырушы ретінде біз үшін хабты кеңге насихаттау маңызды. Біздің өңірдің әлеуеті орасан зор. Сондықтан аймағымыз инвесторлар үшін тартымды.