81 жоба: Бір трлн теңгеге инвестиция тартылған

81 жоба: Бір трлн теңгеге инвестиция тартылған

Шығыс Қазақстан облысында инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып келеді. Бүгін Астана журналистерінің алдына есеп беруге шыққан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов осылай деді. Аймақта әсіресе әлеуметтік нысан салу құрылысы қарқын алған. 165 ауылға интернет тартылып, 18 жаңа мектеп салыныпты. Агросектордың да экономикаға қосып жатқан үлесі өте жоғары.

Өңірде құны бір триллион теңгеден асатын 81 инвестициялық жоба бар. Оның 64-і басталып кеткен. Жыл соңына дейін тағы 15 кәсіпорынның лентасы қиылып, 400-ден аса жұмыс орны ашылады. Қаржының көбі тау-кен металлургиясы мен өңдеу өнеркәсібіне жұмсалмақ. Аталған салаларға 740 миллиард теңге инвестиция құйылыпты.

Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:

- Бұның барлығы – жай ғана статистика емес! Бұл – шығыс қазақстандықтардың күнделікті, адал еңбегінің жемісі.

Агроөнеркәсіпте де тұрақты өсім байқалады. Биыл майлы дақылдар көлемі 7 пайызға артып, қайта өңделген экспорт үлесі 71 пайызға жеткен. Қытай мен Еуропаға өнім экспорты кеңейіп, өңір арнайы сертификаттау зертханасының арқасында алғаш рет кәрі құрлықтың 27 еліне бал сатуға мүмкіндік алды. Балық шаруашылығы да қарқын алып келеді. Биыл 2,5 мың тонна тауарлы балық өндірілген.

Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:

- Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының стратегиялық мәні айрықша саласы. Мемлекет басшысы, әрқашан, бұл саланың қарқынды дамуына ерекше мән беріп отырады.

Биыл облыста 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Өскеменде екі жаңа көпірдің құрылысы басталып, «Уба» мен «Майқапшағай» шекара бекеттері жаңғыртылуда. Риддердегі жылу электр орталығы «қызыл аймақтан» шығарылып, жылу желілерінің тозуы төмендеді. 97 пайыз халық интернетпен қамтылған, ал тас жолдардың 856 шақырымы жөнделген. Айтпақшы, қысқы туризмді жаны сүйетіндер үшін ақжолтай жаңалық. Жақында Риддер маңында жыл он екі ай жұмыс істейтін «Анатау» тау-шаңғы кешенінің құрылысы басталады. Бұл өңірге келетін қонақтар санын бірнеше есеге арттырмақ.