«Абайдың қара сөздері» фильмінің түсірілімі аяқталды

«Абайдың қара сөздері» фильмінің түсірілімі аяқталды

Ұлы Абайдың өнегелі мұрасы кезекті көркем туындыға арқау болды. Елімізде «Абайдың қара сөздері» фильмінің түсірілімі аяқталды. Қазір графикалық жұмыстар мен түстерді түзетудің соңғы сәттері жүріп жатыр. Оның желісі 15 астарлы әңгіме мен философиялық трактаттардан тұрады. Киножобада қазақтың ақын-реформатор әрі философының іргелі туындысының мызғымас құндылығын жаңа сипатта ашатын күрделі режиссерлік шешімдер қолданылған. Басты кейіпкерлерді Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері: Тұңғышбай Жаманқұлов, Жан Байжанбаев, Ерік Жолжақсынов, Нұрлан Әлімжанов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Аян Өтепберген және басқалары сомдады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығатын фильм ашық интернет-тұғырнамаларда жарияланып, әлемдік телеарналардың эфирінен көрсетіледі деп келісілген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов