«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы мақұлданды

«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы мақұлданды

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық статусы заңнамалық деңгейде бекітілді. Сондай-ақ Омбудсменнің адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтіледі. Мәжіліс депутаттары тиісті құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. «Мұндай тетік алғаш рет ұсынылып отыр және адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді», – дейді депутаттар.

Мазмұндық тұрғыдан уәкілге адам мен азаматтың құқықтары, сондай-ақ бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты зерделеу және талдау, шағымдарды қарау нәтижелерін жинақтап қорыту функциясы жүктеледі. Бұл оның қызметіне дәйектілік пен алдын алу сипатын береді. Сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкілге, оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі. Осыған байланысты оны жауапкершілікке тартудың ерекше тәртібі енгізіледі.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Біз мақұлдаған «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы Мемлекет басшысы бастамашы болған саяси реформалардың үшінші пакеті шеңберінде әзірленді. Осы ретте адамның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша Омбудсменнің өкілеттіктері кеңейтілді. Осылайша мемлекет пен азаматтық қоғамды байланыстыратын көпір болып табылатын «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын» нығайту бағытында маңызды қадам жасалды.