АЭС: энергетика. экология. экономика

АЭС: энергетика. экология. экономика

Атом электр станциясы баламалы энергетика көзі. Стратегиялық нысан арқылы алынған энергияға салық салынбайды. Өйткені ол экологияны ластамайды. Ал, болашақта көмірден энергия өндіретіндерге карбон салығы салынады. Онда энергияның тарифі еселеп өседі. Өндіріс көлемі күрт қысқаруы мүмкін. Міне, сол кезде энергия тапшылығы мәселесі өзекті болады дейді сарапшылар.

Қазір геосаяси шиеленістен әлемде экономикалық ахуал шатқаяқтап тұр.  Газ тапшылығынан Батыс елдерінің біразы қиын жағдайға тап келіп отыр. Оның ішінде АЭС-і бар Франция ғана көгілдір отынға тарығып отырған жоқ. Себебі Париж газдың жылуына зәру емес.

Пьер-ПОЛ Отениссанс, EDF компаниясының Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі басшысы: 

– Біз атом электр станцияларының игілігін 70 жыл бойы көріп келеміз. Осы жылдар аралығында ешқандай қауіп те, апат та болған емес. Бұл – нағыз қауіпсіз әрі тиімді энергия көзі. Бастысы барлық технология сақталып, дұрыс пайдалана білсе игі.  

Энергия тапшылығы сезілген сайын ғаламдық энергетика жүйесінің АЭС-ке тәуелділігі арта түсті. Қазақстанда да мәселе өзекті. Халық саны мен кәсіпорындар көбейіп жатқандықтан электр қуатын тұтыну да өскен. Ал өндіріс үшін тұрақты энергия көзі керек. Әсіресе оңтүстік өңірлерде электр қуаты қат. Мәселен, елде жарты жылда 6 мың мегават энергия тапшы болған. Елдегі станциялардың 70 пайызы көмірмен жұмыс істейді әрі басым бөлігі әбден тозған. Арагідік істен шығып, жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 

Гүлмира Мұрсалова, ҚР ЭМ атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары:

– Осы жылдың алты айы бойынша 60 млрд кВт сағат электр энергиясын тұтынды. Оның 1 млрд Ресейден алдық. Былтыр 2 пайызын Ресейден алдық.  

Ресейден бөлек, Қырғызстаннан да электр қуатын импорттаймыз. Әлбетте, бұл мемлекет үшін артық шығын. Өзбек ағайын болса, өз атом станциясын салуды жөн көрді. Егер Қазақстан қазірден қамданбаса, оңтүстіктегі көршімізден де тоқ тасымалдауға тура келеді. 

Экспорттау жағы уақыт еншісінде. Алдымен өзіміздің қажеттілігімізді өтеп алу керек,- дейді депутаттар. Қазір дүниежүзінде экологиялық қауіпті болғандықтан көмірден энергия алатын жобалар мүлдем іске асырылмайды әрі халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландырмайды. Ал, жасыл экономикаға телитін жел және күн станциялары тұрақты энергиямен қамтамасыз етпейді.