Африкалық ұстаздар Қазақстанның білім беру бағдарламасын меңгеруде

Қазақстанда алғаш рет африкалық мұғалімдерді оқыту басталды. Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогикалық шеберлік орталығы Малави елінің ұстаздарына арнайы оқыту курсын әзірледі. Қара құрлық педагогтары бірінші кезеңде еліміздің білім беру жүйесінің озық әдістерін өздерінің оқыту үрдісіне енгізудің қыр-сырын меңгереді. Әзірше сабақтар екі апта күн сайын онлайн өтеді. Кейін наурыз айында Малави оқытушылары Астанаға келіп, екінші кезең бойынша оқуға кіріседі. Онда олар еліміздің орта білім жүйесін зерттеп, тәжірибе алмасады деп жоспарлануда.

Куондани Даниел Вуалика, Наликуле коледжінің оқытушысы:

Бізге әркез жаңа ақпарат алып отыру маңызды. Әлбетте, оны тек тыңғылықты зерттеу мен тәжірибе барысында ғана ала аламыз. Сонымен қатар, мәселелерді анықтап, жаңа мәліметтермен оны шешудің амалын іздеу қажет. Бұл үшін тәжірибе керек. Сондықтан, бұл тренингтер дер кезінде өткізілуде. Осының арқасында білім беру саласында зерттеу жүргізуге қажет білім алып жатырмыз. Артынша, осы алған білімімізді еліміздің білім беру саласындағы қиындықтарды шешу үшін жұмсаймыз. Сондықтан, бұл біз үшін өте пайдалы.

Бұған дейін осыған ұқсас білім беру бағдарламаларын қазақстандық ұстаздар Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Ресейдің Саха Республикасындағы әріптестерінің меңгеруіне септескен. Отандық зияткерлік технологияларды жаһандық білім беру үрдісіне тарату әрі қарай да жалғасын таппақ.

Қызжібек Абдраманова, педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері:

 Жобаны ары қарай қалай жалғастырамыз? Қандай кедергілер кездесті? Мүмкін, кейінірек жобаның аясын да кеңейтетін шығармыз. Жобаға қамтылмай қалған мектептермен де жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. «WALS» конференциясы, бүкіләлемдік «Lesson Study» ассоциациясының конференциясы 2024 жылы Қазақстанда, Астана қаласында өтеді. Мақсатымыз – осы конференцияға бірлескен жобамыздың жемісін көрсету.