Қ.Тоқаевқа Шымкент қаласының дамуы туралы есеп берілді

Қ.Тоқаевқа Шымкент қаласының дамуы туралы есеп берілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады. Мемлекет басшысына шаһардың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26 процентке артқан, сондай-ақ 1 миллиард 51 миллион теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілген. Сонымен бірге өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіліп келеді. Өңірде жалпы сомасы шамамен 20 млрд теңгеге 3 жарым мыңға жуық жоба қолға алынған. Сонымен қатар Президентке Шымкент шаһарының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының барысы жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. 233 шақырым жол жөнделіп, үлкен жолайырық пайдалануға берілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.