«Орталық-Батыс» жолының құрылысы басталады

«Орталық-Батыс» жолының құрылысы басталады

Қостанай облысында алдағы бір ай ішінде «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысы басталады. Бүгін Премьер-министр өңірге жұмыс сапарымен барып, жобаның жағдайымен жеке танысты. Жаңа автомагистраль Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Нәтижесінде бас қаладан батыс облыстарға қатынайтын бағыт - 560 шақырымға қысқарып, 5 сағат ішінде жетуге мүмкіндік бермек. Жаңа бағыт 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды. Өткізу қабілеті тәулігіне 3 мың автокөлікке жетуі тиіс. Күре жол Орталық Азия мен Ресей арасындағы негізгі логистикалық торапқа айналады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, «Жезқазған – Петропавл» республикалық автожолы да жөнделіп жатыр. Ал Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру биыл аяқталады. Стратегиялық нысан АН-24, Q400, CRJ 200 сияқты әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.