66 мың азамат өзін банкрот деп жариялаған
Қазақстандықтардың несиесі 27,5 трлн теңгеге жеткен. Бүгін Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин осылай деп, несиелік жүктеменің тым артып кеткенін айтты. Қазір банктерге 9 млн-ға жуық адамның берешегі бар. Олардың есебінен алынған кредит саны 39 млн-нан асқан. Яғни, бір клиенттің басында кемі 4 кредиттен бар деген сөз. 27,5 трлн теңгеге жеткен қарыздың үштен екісі тұтынушылық кредиттер. Соңғы 90 күннен асқан берешек көлемі 1,8 трлн теңгеге жеткен. Осы жағдайдың бәрін ескере отырып, былтыр Үкімет пен Ұлттық банк банкроттық туралы заң қабылдады. Қазір осы мүмкіндікті 66 мың азамат пайдаланып, 250 млрд теңгеге жуық қарыз кешірілген. Сондай-ақ, биыл қарыз алушының кірісіне қатысты борыштық жүктеме коэффициенті енгізіледі. Яғни, 1 шілдеден бастап банктер бейберекет несие беруді доғарады.

