Ұлыбритания Қазақстанға жаңартылатын энергия көздерін бірге дамытуды ұсынды

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары жалғаса бермек. Бұл үшін салаға инвесторлар тарту белсенді қарқын алуда. Елімізбен бірге Ұлыбритания да жасыл қуат көзін дамытуға ниетті. Негізінен «Тұманды Альбион» елі күн және жел энергиясына қызығушылық танытуда. Ұлыбританияның Орта Азия үшін арнайы жасаған климат, энергетика және су қауіпсіздігіне қатысты бағдарламалық қоры жуырда таныстырылды. Алдағы 3 жылда өңір үшін британиялықтар 20 млн фунт бөлуді жоспарлап отыр. Елімізге келер болсақ, энергетикадағы жасыл технологиялардың үлесі 6% жеткен. Саланың одан әрі дамуына тың серпіліс беру үшін Қазақстанда 2027 жылға дейін аукциондық сауда жобасы бекітілген.

Жаслан Касенов, ҚР Энергетика Министрлігі жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры:

-    – Бұл халықаралық инвесторлар үшін өте қолайлы. Неге десеңіз, олар өздері үшін қай бағыт қажет екенін анықтай отыра, соған байланысты аукциондарға қатыса алады. Ол жоспарға сәйкес, 6 гвт-тан астам баламалы қуат көздерін cаудаға қоямыз. Оның ішінде дені – жел энергиясы. Себебі, дәл осы жел энергиясы саласын дамыту үшін Қазақстанның әлеуеті өте жоғары деп сеніммен айта аламыз.

Бүгінде елімізде жаңартылатын энергия көздерін өндіретін 140 кәсіпорын бар. Олардың барлығының жалпы қуаты – 3 гигаватт. Ел үкіметі баламалы қуат көздерінің жалпы Қазақстан бойынша үлесін алдағы 20 жылда 50% дейін жеткізуді көздеп отыр. Еліміз бұл бағытта сатылы әрекет жоспарын да құрып үлгерді. Атап айтсақ, биыл құны 80 млрд теңге болатын, қуаты 260 Мгвт болатын бірнеше нысанды пайдалануға беріледі.

Жаслан Касенов, ҚР Энергетика Министрлігі жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры:

– Осы аталған жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанның, яғни, бюджеттің еш қаражаты жұмсалмайды. Бұған біз толықтай инвесторларды жұмылдырамыз. Әлбетте, баламалы энергия көздерін дамытуға жоспарларымыз орасан-зор. Десе де, дәл қазір біз жел қуатына көбірек басымдық беріп отырмыз.

Сарапшылардың пікірінше, көмірқышқыл бейтараптығына жету мақсатында Қазақстанда 2060 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері қазіргі қуат өндіру тәсілдерін толықтай ығыстырады.