Әкімдердің рейтингі жол сапасы арқылы анықталады

Қазақстандағы әкімдердің рейтингі жол сапасы арқылы анықталады. Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ауылды жерлерде әбден тозығы жеткен жолдар қалпына келтірілмей, елді-мекендер арасында қауіпсіз көлік қатынасы қамтамасыз етілмеген жағдайда аймақ басшылары жауапқа тартылады. Осы орайда өңір жетекшілерінің рейтингін анықтаудың әдіснамасы әзірленген. Яғни, министр орындалған жұмыстардың сапасын бақылауды арттыру мақсатында «Көлік туралы» заң жобасы аясында кепілдік мерзімінде мердігерлермен тең дәрежеде қабылдаушы тарап, авторлық және техникалық қадағалаудың бірлескен жауапкершілігі енгізілгенін айтты. Жол сапасын қамтамасыз ету үшін мыңнан аса нормативтік-құқықтық акт қайта қаралып жатыр деді, Қайырбек Өскенбаев.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму Министрі:

– Жолға қатысы бар, жобаны жасаған компаниялар, содан кейін мердігерлер, сол жолды қабылдаған адамдар түгелі жазаға тартылады. Соның жазасын күшейтіп жатырмыз. Бұрын тек қана айыппұлмен және  басқамен шектелетін, қазір қылмыстық іс қозғалатындай деңгейге жеткізейін деп жатырмыз.

Айта кетейік, бүгінде еліміздегі облыстық және аудандық маңызы бар 70 мың шақырымнан астам жолдың үштен екісі жақсы және қанағатандырарлық жағдайда.  Ал 2025 жылға қарай  жөнделген жергілікті жолдардың  үлесін  95%-ке жеткізу жоспарланған.