Ақмола облысынан ежелгі жауынгердің балтасы табылды

Ақмола облысынан салмағы 900 граммдық ежелгі жауынгерлік балта табылды. Археологтар оны қола дәуіріне тиесілі Андронов мәдениетінің жәдігері деп болжап отыр. 4 мың жылдық тарихы бар құралды тарих пәні мұғалімі елді мекен маңынан тауып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына өткізген. Қазір құнды бұйым табылған аумақ жан-жақты зерттеліп жатыр.

Қуаныш Шақшақов, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Бұл енді жауынгерлік балта болғандықтан бұған ең бастысы ДНК анализін өткізу. Яғни, бұл жерде ДНК анализі дегеніміз, мына жерде сақталған қан образецтері бар. Сол қан образецтерін алып, бұл қан кімге тиесілі? Адамға ма, жануарға ма соны анықтаймыз. Және сонымен қоса радиокарбонды, радиоуглеродты анализді өткізу керек.

Археологтардың айтуынша, мұндай жәдігер аймақтан бұрын-соңды кездескен емес. Ал дәл осындай балталар еліміздің Ұлттық музейі мен Ресейдің Челябинск қаласындағы мұражайларда ғана бар екен. Енді жәдігерге кешенді сараптама жасалады.