Ақтөбелік өнертапқыш өзі құрастырған көлікпен Қазақстанды аралады
Өзің құрастырған көлікпен 3000 шақырымдық саяхат. Және жай көлік емес, электромобильмен. Бұл ақтөбелік Владимир Силевичтің қолынан келді. Өнертапқыш күннен қуат алатын көліктердің шеруінде су жаңа техникасын сынап көрді. Қазақстан мен Ресейден жиналған бір топ өнертапқыш күннен қуат алатын автомобильдермен Оралдан Алматыға дейін жүріп өтті. Күніне шамамен 150 шақырымды артқа тастап, еліміздің батысынан, оңтүстік шығысына 3 аптада жеткен.
Владимир Силевич, өнертапқыш:
– Ұялы телефонымда арнайы қосымша бар. Сол арқылы аккумулятордың жай-күйін бақылап отырамын. Мәселен батареяның сыйымдылығы, күн панельдерінен келіп тұрған қуат көлемін көруге болады. Тіпті бір рет қуат алғаннан кейін қанша шақырым жол жүруге болатынын да есептеуге болады.
Владимир Силевич алғашында қозғалтқыштың үлгісін ағаштан жасапты. Кейін макетке қарап, 2 ай ішінде үш дөңгелекті көлікті құрастырған. Қазір электромобилі 200 шақырымды тоқтаусыз еңсере алады.
Владимир Силевич, өнертапқыш:
– Электр қозғалтқышты Қытайдан тапсырыс беріп алдырдым. Мұндай қозғалтқыштар заманауи электрмотоциклдерге, квадрациклдерге орнатылады. Аккумулятор батареясын Санкт-Петербордан алдырдым. Күнкөліктің алдыңғы аспасы Жигули автокөлігінен, фольксваген машинасының қосалқы дөңгелектерін орнаттым. Артында мотоциклдың шынжырлы дөңгелегі бар.
Ақтөбелік өнертапқыш келер жылғы автошеруге де қатысуды жоспарлап отыр. Ол үшін жаңа көлік құрастырмақ.