«Алдар Көсе» мюзиклі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді

Алып бәйтерек. Қасиетті тайқазан. Қазақы ою. Астарлы әзіл. Ойлы әуен. Сиқырлы таяқтың құпиясы мен судың қасиеті. Мыстан кемпірдің айлакерлігі. Ержүрек батырлардың дәумен шайқасы. Дәл осы көріністерді  және заманауи зерделі қудың бейнесін «Алдар Көсе» мюзиклінен тамашалауға болады. «ASTANA MUSICAL» театры «Алдар Көсе» қойылымын көрерменге ұсынды. Молдабайдың әнін бірден еске түсіретін Алдар Көседе сегіз ән мен төрт хор орындалды. Мюзиклде қазақ халқының жарқын өмірі көрініс табады. Басты кейіпкер кедейлерді зұлымдық пен сараң байлардан қорғап жүреді. Театр ұжымының айтуынша, қойылым жасөспірімдер арасында халық батырының мәңгілік бейнесін жасауға септігін тигізеді. Театрдың көркемдік жетекшісі қойылымды мюзикл жанрына өзгерту мен сценарийін заман талабына сай жазу арқылы қазақ классикасын шетелдік аудиторияға таныстыруды көздеп отырғанын айтады.

Есләм Нұртазин, «ASTANA MUSICAL» театрының көркемдік жетекшісі:

- Жаңа музыка, жаңа драматургия жазып, жаңа қойылымдар көрсету. Осы күнге сай дүние келуі керек. Бар нәрсені жаңғырту үлкен бір жеңісіміз.

Медет Рахымбергенов, «ASTANA MUSICAL» театрының әртісі:

- Менің Алдарымның бір ерекшелігі – қазіргі заманауи балаларға жасөспірімдерге сай болғысы келеді. Несімен? Себебі, қазір бұрынғыдай қулыққа, айлаға, айла-тәсілге салуға болмайды. Қазір білімнің, ақылдың заманы. Соны балаларға көрсеткіміз келеді. Ақылға сенеік, білімге сенейік,-деп.