Түркістан ерекше мәртебеге ие болады

Түркістан ерекше мәртебеге ие болады

Осыған қатысты заңнамалық жоба «Ашық НҚА» сайтында жарияланды. Аталмыш құжатқа сәйкес киелі шаһар Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие болмақ.

Бұл ретте, өлкенің тарихи-мәдени және діни мұрасын, қасиетті орындар мен көрікті жерлерін сақтау мен қорғауға басымдық берілмек. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімшілік орталығында туризімді дамытуға қажетті бар жағдайлар жасалады. Бүгінде бұл сала қала экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналған. Жергілікті атқарушы биліктің өкілеттіктері біршама кеңейе түседі. Атап айтсақ, тарихи астананың бірегейлігін танытатын ескі келбетін сақтау, оның тыныс-тіршілігін жақсарту бойынша ауқымды даму жобаларына мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі саясаттың негізгі бағыттарын реттейтін болады. Бұған қоса, мәслихаттар, қала және облыс әкімдіктері коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы, сәулет және қала құрылысы, сауда және қызмет мәселелерін өз бетінше реттеу құқығына ие болады.