Қазақстандық режиссер әйел Лондондағы кинофестивальде ең үздік деп танылды
Отандасымыз Шәрипа Оразбаева Лондондағы 22-ші Rainbow Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік әйел режиссер» марапатын иеленді. Аталмыш марапатты режиссер «Мәриям» атты толықметражды фильмі үшін алды. Туынды бұған дейін де халықаралық марапаттарды қоржынға байлаған. Алайда режиссердің айтуынша, бұл сыйдың орны ерекше. Себебі Орталық Азиядан арнайы келіп, Еуропаның «Үздік режиссер әйелі» атану - жоғары марапат.
Айта кетейік, «Мәриям» фильмі күйеуі жоғалғаннан кейін далада қыстауда жалғыз қалған төрт баланың анасы туралы туынды. Басты рөлді Меруерт Сабуссинова сомдады. Оның бұл рөлді ойнауы бекер емес. Себебі дәл Меруерттің басынан өткен ауыр оқиға режиссерді шабыттандырып, толықметражды фильм түсіруге шешім қабылдаған.
Бұған дейін таспа Локарно, Торонто, Пусан, сондай-ақ Түркия мен Испаниядағы кинофестивальдердің көрермендеріне көрсетілді. Қазіргі таңда Шәрипа Оразбаева жаңа картинаның жұмысын аяқтап, оны жарыққа шығаруға дайындауда.