Алматыда бірінші халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтіп жатыр

Алматыда халықаралық қуыршақ фестивалі өтіп жатыр. Республика күніне орай ұйымдастырылған шарада Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан және Қазақстаннан келген 150 қуыршақ ойнатушы әртіс мен 14 театр труппасы үздік қойылымдарын ұсынды. Әр топтың репертуарында бірнеше спектакль бар. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды шараға екі жыл бойы дайындалған. Қазақстанда осындай ауқымды фестиваль ұйымдастыру үшін дүниежүзін шарлап, тәжірибе жинақтағаннан кейін шешім қабылданған. Айта кетейік, Мемлекеттік қуыршақ театры өзінің 80 жылдан астам қызметінде Қытай, Түркия, Чехия, Жапония, Тәжікстан елдерінде өткен халықаралық фестивальдерге қатысқан.

Еркебұлан Қабдыл, Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік режиссері:
-
Ұзақ жылдар бойы тәжірибе жинақтаумен келдік. Енді, міне, фестиваль ұйымдастырып жатырмыз.  Іс-шараға Түркиядан, Польшадан қонақтар келіп, өздерінің үздік деген спектакльдерін қойып жатыр. Ерекше өзбек театрын атап өту керек. Олар әрдайым жоғары деңгейде қойылымдар қояды. Оны үнемі шығыс театры деп айтамыз. Олардың ұлттық нақыштағы әндері мен билері бар. Биыл Польша елін тамашалаймыз.  Бұл елдің спектаклін биыл алғаш көреміз. Жалпы, бұл елде қойылымға қалай дайындалады, артистер қалай дайындалады соның барлығын көру, бізге қызықты болып отыр.

Өз қойылымдарында шеберлер техникалар мен әдістердің түр-түрін қолданды. Классикалық қолдан жасалған қуыршақтардан заманауи мультимедиялық қойылымдарға дейін көруге болады. Өзбекстаннан келген актерлер шығармашылықтың шегі жоқ деп санайды. Бұл фестиваль әлемдегі қуыршақ театрларының дамуына зор серпіліс беретініне сенімдіміз.

Санжар Исмаилов, Ферғана қуыршақ театрының актері:
-
Біз әлемнің түкпір-түкпірінен жиналып, өз біліміміз бен тәжірибемізбен бөлістік, бұл қуыршақ мәдениетін байытуға ықпал етеді және бізді жаңа, қызықты өнер туындыларын жасауға шабыттандырады.

Фестиваль 24 қазан аяқталады. Қазылар үздік режиссерді, қуыршақ басқарушыны және актерлік ансамбльды таңдайды. Спектакльдерден бөлек, лекциялар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Қатысушылар бұл фестиваль халықаралық қатынастарды, қуыршақ театрлары әріптестігін нығайтып, осы өнердің беделін арттыра түсетініне сенім білдірді.