Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада өз мәресіне жетті

Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада өз мәресіне жетті

Қытайда XXIV қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты бәсекесінің жабылу салтанаты Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтті. Бұл – жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын өткізген әлемдегі жалғыз қала. 91 елден 3 мыңға жуық спортшы 15 спорт түрінен бақ сынады. Медаль есебі бойынша Норвегия топ жарды. Германия екінші орынды иеленсе, Қытай құрамасы үздік үштікті жапты. Қазақстандық спортшылар жүлделі орындарға қол жеткізе алмады. Дегенмен бұл Олимпиада шорт-трекшілеріміздің жоғары нәтижелерімен есте қалары анық. Абзал Әжіғалиев 500 метрлік жарыста медальға сәл ғана жетпей, 4-ші орынға табан тіреді. Қазақстан намысын барлығы 34 спортшы қорғады.

Еске салайық, Бейжің Олимпиадасы ақпанның 4-і мен 20-сы аралығында өтті. Енді Қытай жерінде 4-13 наурыз аралығында Паралимпиада ойындары өтеді.

Чжан Имоу, қысқы Oлимпиада-2022 ашылу және жабылу салтанатының директоры:

- Біз әуел бастан салтанатты шарада жұлдыздар мен актерлер болмайтынын айттық. Қарапайым халыққа көңіл бөліп, олардың қолдауына арқа сүйейтін боламыз. Орындаушылардың көбі – ЖОО, бастауыш және орта мектеп өкілі. Мақсатымыз – салтанат рәсімнің қарапайымдылығы. Жабылу салтанатында спортшыларға баса назар аударылады.

Жабылу салтанатында Қытай ақ Олимпиаданың эстафетасын Италияға табыстады. Төрт жылдан кейін Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалалары 25-ші Олимпиада ойындарын қабылдайды.