Алматыны айналып өтетін жаңа темір жол құрылысы басталды

Алматыны айналып өтетін жаңа темір жол құрылысы басталды

Қазақстан өз көлік-транзиттІк әлеуетін арттыруда. Елде Алматы қаласын айналып өтетін «Жетіген – Қазыбек бек» темір жол желісінің құрылысы басталды. Оның арқасында, болашақта, Қазақстан арқылы Орта Азия, Еуропаға және Каспий теңізіндегі порттарға жылдам жүк пен тауарды жеткізуге мүмкіндік туады. Темір жол желісі құрылысының ашылу салтанатына үкімет басшысы Әлихан Смайылов қатысты. Жалпы, 130 шақырым жол салынып, 3 станция бой көтереді. Айта кетейік, бұл инфрақұрылымдық жоба президент тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.

Қанат Әлмағамбетов, «Жетіген – Қазыбек Бек ТЖ» басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл темір жол желісі, біріншіден, транзиттік пойыздар үшін жол уақытын 1,5-2 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, яғни, жылдамдықты біршама ұлғайтады. Өз кезегінде Алматы қаласындағы станциялардың жүктемесі қысқарады. Осылайша, жүк жіберушілердің де, қабылдаушылардың да жұмысы жеңілдейді. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың аяғында немесе 2025 жылдың басындща аяқталады. Сол кезде жүк тасымалына байланысты барлық жұмыстар бірден жақсарғанын байқайтын боламыз.

Айта кетер жайт, Қазақстанда отандық өнімді тұрақты экспорттау және транзиттік жүк ағынын арттыру мақсатында темір жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Өткізу қабілетін арттыру үшін Достық-Мойынты бағытында екінші жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Дарбаза – Мақтаарал және Бахты – Аягөз бағыттарында жол салу жоспарлануда. Барлығы 3 жыл ішінде 1300 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде.