«Аманат» партиясына реформа қажет – сарапшылар пікірі

Партия халықтың мүддесін білдіріп қана қоймай, инновация енгізу жолында көшбасшыға айналмақ. Мұндай пікірді қазақстандық саясаттанушылар айтып отыр. Олардың сөзінше, дамудың жаңа сатысында ауыл шаруашылығына басымдық беріліп, жаңа буынның интеллектуалды дамуына дәл осы жаңашылдықтар енгізілуі тиіс. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық өнімдерін арттыру экономикалық дербестікті сақтап қалуға мүмкіндік беріп, жаһандық дағдарыстар кезінде мемлекеттің өзіндік қорғаны болады.

Шәріпбек Әмірбеков, саясаттану ғылымдарының докторы:

- Қазақстанда қазір барлық сала қайта қарауды талап етеді. Концепцияларды жаңарту керек. Біздің елдегі бір кемшілік – интеллектуалдық деңгейдің жетіспеуі. Қай саланы болсын дамытуға байланысты концепциялар жасалғанымен, жартылай немесе толық механизмдер қаралмаған. «Аманат» партиясы осыған көңіл бөлуі керек. Яғни үлкен аналитикалық орталықтар жұмыс істемесе, солардың жазғанын қабылдамасақ, онда даму тежеле бастайды.

Еліміздің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Андрей Трегубенко даму мен ілгерілеуді қолдап отыр. Оның пікірінше, келіссөздер мен күнделікті өмірде, мінез-құлық пен қарым-қатынаста керек мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөлу керек. Ал болашақта қоғамның қозғаушы күші ретінде жастарды барынша тарту маңызды.

Андрей Трегубенко, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Партияға жастар қосылса, депутаттар да жаңа буынмен көзқарастарын өзгертеді деп ойлаймын. Әрине, еңбек тәжірибесін де ұмытпаған жөн. Менің ойымша, тәжірибе мен құлшыныстың үйлесімі – табысқа және жемісті еңбекке қолжеткізудің негізгі тетігі.