Америкалық жігіт қазақ тілін үйреніп жүр...
Сәлем! Менің атым Ник. Жасым 32-де. Мен америкалықпын. Нью Джерсиденмін. Бұл АҚШ-тың солтүстік-шығысында орналасқан штат. Қазір Қазақстанда тұрып жатырмын. Алғаш рет 5 жыл бұрын Халықаралық мәдени алмасу бағдарламасы бойынша келдім. Ол кезде университеттерге қарасты ағылшын сөйлесу клубтарын ұйымдастырумен айналысатынмын. Бұл қысқа ғана жазғы саяхат менің өмірімді күрт өзгертті.
Осында келгенге дейін Қазақстан туралы не білетінмін? Әрине, ештеңе. Әлемнің бұл жағы маған да, менің таныстарымның басым көпшілігіне де бейтаныс еді.
Қысқасы, маған бұл ел ұнайды. Оның өзіндік мәдениеті ұнайды. Сосын халқы ұнайды. Қазір ақырындап таныстарым, достарым көбейіп жатыр.
Енді Алматыға ұстаз ретінде келдім. Бір жағынан оқушымын, өйткені ағылшын тілін қазақша үйрету үшін қазақ тілін меңгеріп жатырмын. Әзірше оңай болып жатқан жоқ. Бірақ қолымнан келетініне сенімдімін!