Астанада Ақмола облысының жәрмеңкесі өтті
Астанада Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Елорда халқының басым бөлігін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған өңір бұл жәрмеңкеге 300 тоннадан астам өнім алып келіпті.
Елорда тұрғындары үшін сенбі мен жексенбі олжалы күн. Өйткені Ақмола облысынан келген тауарлар нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан. Жәрмеңкеде арқаның еті мен шұжығы, қымызы мен қымыраны, тәтті табиғи балы мен көкөністері де бар.
Кенеш Әлімжанов, Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Жыл сайын облыстың жеке кәсіпкерлері өз өнімдерін жәрмеңкеге әкеліп тұрады. Елорда тұрғындарының да сұранысы жоғары. Ал жәрмеңке сөресінде тұрған тауарларды әкелу үшін 15-тен астам жүк көлігі жұмылдырылды. Әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілді.
Жалпы жыл басынан бері облыстың шаруалары 700 миллиард теңгеге жуық өнім өндірген. Бұл өткен жылдан шамамен екі есе көп. Ал Ақмола облысынан келген жеке кәсіпкер Зәуре Ғалиақпарова мұндағы өнімдердің сапасы да, бағасы да халыққа өте тиімді екенін айтады.
Зәуре Ғалиақпарова, жеке кәсіпкер:
– Қойдың етін, жылқының етін және қымыз әкеліп тұрамыз. Бүгінгі баға 2500 теңге болып тұрса, нарықта 3 мыңға сатамыз. Қойдың еті бүгін 2200 теңге болып тұр, қымыз мың жарым теңгеден, бір жарым литрлік бөтелкесі.
Жәрмеңкедегі ең жылы көріністердің бірі – еріктілердің көмегі болды. Тұрғындардың сатып алған салмағы ауыр тауарларын еріктілерден құралған топ көліктеріне артып-тиеп, жеткізіп беріп тұрды.
Айта кетейік, Ақмола облысы Қазақстанның агроөнеркәсіп саласына тұрақты түрде елеулі үлесін қосып келеді. Биыл өңір диқандары 6 жарым миллион тоннадан астам астық жинап, елдің астық орталығы мәртебесін тағы бір дәлелдеді.

