Астанада аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеті үлестіріледі
Бүгін Астанада бір мың отбасыға азық-түлік себеті таратылды. Олардың қатарында аз қамтылған, көпбалалы отбасы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырғандар бар. Ұйымдастырушылар қайырымдылық шарасын Конституция күнімен байланыстырып отыр.
Азық-түлік тиелген бірнеше жүк көлігі көмекке мұқтаж жандардың үйін аралауға шықты. Қораптың ішінде бір отбасыға жететін әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бәрі бар.
Олжас Хамитов, Астана жастары коммуналдық мекемесінің қызметкері:
– Бұл жұмыс дәстүрлі түрде үшінші жыл жалғасуда. Осы күнге дейін 7 мыңға жуық азық-түлік себетін тараттық. Астана қаласы бойынша барлық аудандарға бөлініп бір мың қорап азық-түлік себеті таратылады.
Аталған шараға ұйытқы болған елорда әкімдігі, жастар ресурстары орталығы және Qazaq Oil компаниясы. Өкілдердің айтуынша, қайырымдылық акциялары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Әнел Елікбаева, «Qazaq Oil» компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі:
– «Бүгін кезекті қайырымды істер акциясын өткізіп жатырмыз. Бұл «Qazaq Oil» компаниясының елорда әкімдігімен бірлескен ұзақмерзімді бастамасы. Біз аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін таратамыз. Оның ішінде ұн, қант және басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бар.
Өз кезегінде тұрғындар қайырымды жандарға алғысын жеткізді.
Гүлзия Кашкова, елорда тұрғыны:
– Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің дейді ғой. Жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да өзіңе дейді атам қазақ. Сол сияқты осы жақсылықтарының Алла тағалам таудай сауабын қайырымен, берекесімен өздеріне еселеп нәсіп етсін.

