Астанада Орталық Азиядағы алғашқы BioArt көрмесі ашылды

Өнер мен ғылымның коллоборациясы. Астанада Орталық Азиядағы алғашқы BioArt көрмесі ашылды. Оны «KULANSHI» заманауи өнер орталығының қолдауымен Назарбаев Университетінің IGEM студенттік клубы ұйымдастырып отыр. Бірегей экспозиция экология, биология мәселелеріне және адамның әртүрлілігі тақырыбына арналған.

Назарбаев Университетінің жас ғалымдары мен студенттері осындай ерекше және әдеттен тыс көрмені ашу идеясын бір жылға жуық уақыт ойластырған. Ұйымдастырушылар өзге көп біле бермейтін өнер призмасы арқылы адамзатқа биологиялық дүниенің байлығы мен алуан түрлігін жеткізуді басты тақырып етіп алды. Мысалы, Әнел Өмірбаева өз жұмысында көру қабілеті нашар балаларға арналған өсімдіктер мен жануарлар жасушаларының арнайы тактильді 3D үлгілерін ұсынды. Автордың айтуынша, олар тірі организмнің және жалпы барлық тірі заттардың бірлігі іспеттес.

Әнел Өмірбаева, көрме жетекшісі, Назарбаев университеті биология факультетінің студенті:

Мұнда сіз менің көптеген жұмыстарымды, Назарбаев Университетінің зертханаларында жасаған фотосуреттерімді көре аласыз. Сонымен қатар көрме толығымен зағип жандарға бейімделген. Үш тілде сипаттама да Брайль қарпімен жазылған. Сондай-ақ, аудионұсқасы да берілген. Сонымен қатар аудиодескрипция арқылы адамдарға навигация бере аламыз. ол ешқайндай шектеусіз барлық келушілерге инклюзивті, әрі қолжетімді болады. Биоарт және биодизайн Батыс елдеріндегі танымал трендтер.

Студенттер өз жұмыстарында адам ДНҚ-ның (Дезоксирибонуклеин қышқылы), сондай-ақ бактериялар, жануарлар мен өсімдік жасушалары сияқты тірі ағзалардың ерекшелігін, сонымен бірге бірегейлігін көрсетуге тырысты. Бұл ретте әрбір автор өз экспонаттары мен фотосуреттерінде адамзаттың қазіргі заманғы мәселелерін көрсетуді мақсат тұтты.

Лейла Махат, заманауи өнер орталығының кураторлық кеңесінің төрағасы:

Мағынасы мен мазмұны жағынан көп қырлы көрме. Өйткені авторлар адам дамуының проблемалары, экологиялық проблемалар және қызыл кітапқа енген жануарлар туралы сұрақтарды көтеріп отыр. Шын мәнінде, экспонаттар ерекше. Себебі мұнда сіз ұлулардың, тіпті, құмырсқалардың сурет салғанын көре аласыз. Сондай-ақ, адам жасушасының 1000 есе үлкейтілген картинасын да тамашалай аласыз. Яғни, біріншіден, қызық болса, екіншіден, әдемі.

Келем деушілерге көрме есігі 2 аптаға жуық ашық болады,- дейді ұйымдастырушылар. Қысқа мерзімді болу себебі пробиркалардағы тірі ағзаларды бейнелейтін кейбір экспонаттарды мұндай жағдайда ұзақ сақтау мүмкін емес.

Әсел Күшенғалиева