Дәстүрлі бүркітшілер фестивалі өтеді

Шығыс Қазақстанда бүркітшілердің дәстүрлі Салбурын халықаралық фестивалі өтеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Монғолия, Қытай, Қырғыз, Ресей мен Венгриядан 120 құсбегі келеді. Сондай-ақ, тазылардың да сайысы өтеді. Жыл сайын ауқым өсіп келе жатқан шараға бес мынға жуық турист келеді.  

Әлемге танымал бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы айтулы шараға тыңғылықты дайындалып жүр. Осы жолғы сайысқа ол үш жастағы бүркітімен қатыспақ. 

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

– Жалпы бүркітті ат кұсап баптаймыз. Өйткені оны қолға ұшырамыз, даусымызға уйретеміз, және де шақыруға, шырға үйретеміз, шықыру деген яғни қолға, етке шақыртамыз, шырға деген ол түлкі немесе қоянның терісінен тартып, оларды күнделікті жаттықтырамыз. Күнде бір 4-5 сағат уақыт кетеді.

Шара өңірде осымен екінші жыл өтеді. Биылғы фестиваль былтырғыдан ерекше, ауқымды және қызықты болмақ. Себебі  бүркітшілер сайысынан басқа да жарыс түрлері  өткізіледі. Көрермендер жамбы ату, теңге ілу, тазылар жарысы, асау үйрету сайыстарын тамашалай алады.    

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары: 

– Біз жан-жақты бағдарламасын қарадық, туристерге қызықты ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасадық  Сонымен қатар, жарыс өтетін жерде жиырмадан артық киіз үй құрылады. Ол жердегі туристердің тамақтандыруы, басқа да мәселенің барлығы шешілген. Сол жерде концерттер өтеді және қол шеберінің көрмелері болады. Сондағы кісілердің ұйымдастыратын мастер-класстарын да біз ойластырып қойдық.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара ата-бабадан қалған саятшылық өнерді насихаттап  ұлттық спорт түрлерін ұлықтауға бағытталған. Сондай-ақ аймаққа туристерді тарту мақсатында ұйымдастырылады. Фестиваль Ұлан ауданының Бозанбай ауылы маңында 10-14 қазан аралығында өтеді.