Астанада өткен форумда метан шығарындыларын азайту шаралары талқыланды

22 қазаннан бастап АҚШ елшілігінің қолдауымен республикада кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ел бойынша атмосфераға газ түріндегі көмірсутек шығарындыларының жағдайын бақылау. Сондай-ақ энергетика және ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне арналған тренингтер, жергілікті атқарушы органдармен онлайн кездесулер өткізіліп, арнайы жол картасы дайындалуда. Басты мақсат – Қазақстанның жаһандық бастамаға қосылуына қолдау көрсету. Осы мақсатта АҚШ пен ЕО 2030 жылға қарай метан шығарындыларын 30%-ке азайтуға бағытталған келісім әзірлеген.

Айта кетейік, бүгінгі таңда бұл міндеттемені әлемнің 150-ден астам елі қолданып келеді. Қазақстанда байыпты бастамадан сырт қалған жоқ, - деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм.

Дэниел Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:

- Осы бағдарлама арқылы метанның қауіптілігі туралы білім кеңінен таралады деп сенемін. Мұнай-газ секторында, жалпы осы газдың ең ірі көзі болып табылатын энергетика саласында оны азайту шаралары қабылданады деп ойлаймын. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы секторынан шығатын метан бар. Осы жұмыстар, жобалар арқылы Қазақстан аталған Жаһандық шартқа қол қойып, Климат және Таза ауа коалициясына қосыла алады. Осылайша, Қазақстан метан шығарындыларын азайтуға көмектесетін көптеген өзге де құралдарға қол жеткізе алады.

Сарапшылардың пікірінше, метан дүниежүзілік парниктік газдар шығарындыларының бестен бір бөлігін құрайды. Осыған қарамастан, ол болашақта табиғи газды толығымен алмастыра алатын биогаздың ең маңызды құрамдас бөлігі – таза энергия өндірушісі ретінде танылды.

Бикамал Есіркегенова, Қазақстандағы метанды азайту жобасының үйлестірушісі:

- Полигондарды жабдықтап, осы газды сол жерден шығару арқылы шығарындыларды азайту керек. Алынған газ биогаз деп аталады. Бұл СО2, метан, күкіртсутек және басқа да аз газдардың қоспасы. Биогаз анаэробты түрде ашытылады. Осы газ алынғаннан кейін баламалы энергияда қолдануға болады, оны көмірқышқыл газынан тазарту керек. Содан кейін ол табиғи газды алмастыра алады.