Астанада суретші Яссауи Ағытаевтың жеке көрмесі ашылды

«Дәстүрге толы өмір». Осындай атаумен ұлттық музей төрінен орын тепкен Яссауи Ағытаевтың жеке көрмесі ашылды. Онда отандық қылқалам шеберінің 70-тен астам таңдамалы еңбегімен танысуға болады. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен бірегей салт-тәстүрлері көркем туындылардың дүниеге келуіне арқау болған. Оның әр жұмысы ұлы дала көшпенділерінің өмір салты, туған ел табиғатының қайталанбас әсемдігімен тығыз байланысты. Яссауи Ағытаев өз шығармашылығында «құда түсу», «сырға салу», «қыз ұзату» «беташар», «тұсау кесу» мен «бесікке бөлеу» сынды дәстүрлердің мән-маңызын ашуға тырысады. Шебер осылайша, төл мәдениеттің бірегей үлгілерін бояу тілімен  көпшілікке насихаттап, жаңғыртуды мақсат тұтады. Автор шабытын оятатын тақырыптар қазыналы халықтың өнегелі тұрмыстық салты мен бай тарихынан  бастау алатынын айтады. Астаналықтар мен қала қонақтары ерекше көрмемен тамыз айының соңына дейін таныса алады.    

Яссауи Ағытаев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

Мен 2019 жылы Кипрде 60 күн жұмыс істеп сурет салдым. Онда жеке көрме жасадым. Содан кейін бір ой келді. Өзіміздің Қазақстанның астанасында неге көрме жасамаймын? Мен бүгінгі күнге дейін біраз уақыт дайындалдым. Ұлттық жанрда жұмыс істеймін. Мысалы, ауыл немесе қала өмірі болсын, үйлену тойлары, келін түсіру, сүндет той, тұсау кесер сияқты мен қазақтың дәстүрлі өмірінен сурет саламын.