Астанаға салынған инвестиция көлемі артып келеді

Астанаға салынған инвестиция көлемі артып келеді

Астанаға салынған инвестиция көлемі артып келеді. Соңғы 3 жылда Елорданың дамуына тартылған қаржы көлемі 3,5 трлн-нан аса теңгеге жетті. Жалпы 2023 жылдың 9 айындағы астанаға құйылған инвестиция көлемі 960 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 105% артық. Сондай-ақ шетелден тартылған қаржы көлемі де жылдан жылға артып келеді. Жыл басынан бері ол 794 млн долларға жуықтап, көрсеткіш шамамен 80% өскен. Жалпы соңғы үш жылда АҚШ валютасында 4 млрд-тан аса қаражат тартылған. Сонымен қатар ел астанасы шикізаттық емес салаға салынған қаржы көлемі бойынша 2 орынға, негізгі капиталға құйылған инвестиция бойынша 3 орынға тұрақтады. Инвесторлардың басым бөлігі логистика, құрылыс және қойма өнеркәсібіне қаражат құйған. Елордада инвестицияларды тарту бойынша қолайлы жағдай сақталуда. Ниет білдіруші кәсіпкерлерге «Астананы дамыту орталығы» тегін кеңес беруден бастай отыра, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Ерлан Ержанов, «Астананы дамыту орталығы»  басқармасы төрағасының орынбасары:
- Астана қаласының әкімдігінің ішінде құрылған біздің орган инвестиция тартумен айналысады. Орталық инвесторлардың мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуін жеңілдетуді өз мойнына алады. Оның үстіне, олар қолға алған жобаларды жүзеге асыру мен пайдалануға берілу кезінде де көмектесеміз. Мемлекеттік қолдау және рұқсат беретін құжаттарды алуға көмектесу де біздің мойнымызда. Қазір біздің қолдауымызбен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны 170. Ал, олардың құны – 1,7 трлн теңге.