Отандық өнімдер Қытай нарығында сұранысқа ие

Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері Қытай нарығында үлкен сұранысқа ие. Былтыр мемлекетіміз Аспан асты еліне 2019 жылмен салыстырғанда 9% артық өнім жөнелтті. Қазіргі таңда Қытайға арнайы лицензия алған 800-ден астам қазақстандық кәсіпорын өз өнімдерін экспорттауда.

Сергей Салманов, «KazakhExport» ЭСК» АҚ-ның ҚХР-дағы шетелдік өкілі:

- Жалпы экспорттаушы лицензия алған болса, онда ол дайын деген сөз. Етке сұраныс жоғары, сол сияқты осы санатқа жатқызуға болатын бірқатар өнім бар. Әдетте экспорттаушы сол тізілімге кіргенде, ол туралы барлық дерек, яғни телефон нөмірі, байланыс мекенжайы Қытайда автоматты түрде қолжетімді болады. Өніміне сұраныс болса, сатып алушылардан тыным болмайды, олар өздері тікелей шыға бастайды. Бірақ экспорттаушы да өз кезегінде байланысты барынша тиімді қатынас орнатуға тырысады, мысалы көрмелерге, форумдарға, сауда-экономикалық миссияларға қатысады. Мұның бәрі қазір өте ыңғайлы онлайн форматта жиі ұйымдастырылып отырады.

Мамандар Қытай нарығына енді ғана кіре бастаған кәсіпкерлерге өз өнімдерін электрондық коммерция жолымен сатуға кеңес береді. Бұл делдалсыз өтіп, тауар құнын төмендетуге көмектеседі. Сондай-ақ ірі трансшекаралық онлайн-сайттарда дүкен ашудан да бастауға болады.