Атырауда ГСК жобасы бойынша жергілікті қамтуды дамыту форумы өткізілді

Атырауда ГСК жобасы бойынша жергілікті қамтуды дамыту форумы өткізілді

Атырауда еліміздің мұнай-газ химия саласындағы ең ірі жаңа жобалардың бірі – Газ сепарациялау кешеніндегі  жергілікті қамтуды кеңейту мәселесі талқыланды. Іс-шарада отандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктері, жұмыс күшін даярлау және жобаның алғашқы кезеңдеріндегі кооперация тетіктері сөз болды. Тақырыпты әріптесім тартқатсын.


400 ден астам қазақстандық өндірушілер мен жеткізушілер, мемлекеттік органдар мен салалық бірлестіктердің өкілдері қатысқан форум алғашқы қазығы кеше қағылған Газсепарациялау кешені жобасындағы жергілікті қамту тақырыбына арналды. Жергілікті қамтуды дамыту – жобаның негізгі басымдықтарының бірі. Осы орайда «KMG PetroChem» компаниясы жобаның мердігері Tecnimont және Consolidated Contractors Company-мен EPC-шарт аясында құрылыс-монтаж жұмыстарына тартылатын еңбек ресурстарының құрамында 90%-ға дейін қазақстандық мамандардың болуын қамтамасыз етуді жоспарлауда.


Диаз Диянов, «KMG PETROCHEM» ЖШС басқарма төрағасы:

– Мұндай форумдар жергілікті қамтуды дамыту үшін, әсіресе жергілікті жеткізушілер үшін өте маңызды. Неліктен? Өйткені олар қазір тапсырыс берушілермен кездесіп, тікелей араласады. Бұл біздің ұлттық компания ретінде қазақстандық өндірушілерді тартуға ашықтығымызды, мердігеріміздің ашықтығын және мердігеріміздің жұмыс істеуге дайындығын, сондай-ақ оның осында жұмыс істегісі келетінін көрсетеді.


Алдағы құрылыс көлемін ескере отырып, мердігерлер жергілікті серіктестер пулын қалыптастыруды бастады. Бұл CCIC компаниясы мен қазақстандық кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қоюды қамтыды. Құжаттар қада мен инертті материалдарды өндіру және жеткізу, уақытша құрылыс жұмыстары, металл конструкцияларын дайындау, сондай-ақ жобалау және техникалық қадағалау қызметтерін көрсетуді реттейді.


Николло Хейлперн, «TECNIMONT KZ» вице-президенті:

– Форум өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әріптестер үшін де, жалпы саланың өзі үшін де маңызын тағы бір мәрте көрсетеді. Біз жергілікті нарықпен ықпалдастыққа және экономикалық дамуға үлес қосуға әркез дайынбыз. Алдағы жобаларды да кеңінен пысықтап талқыладық.

Газ сепарациялау кешенінің құрылысы өңір экономикасын әртараптандыруға, өндірістік қуатты нығайтуға серпін бермек.