Ауыл шаруашылық өнімі 38 млрд теңгеге жетті

Ауыл шаруашылық өнімі 38 млрд теңгеге жетті

Маңғыстау облысында биыл агросектордағы өнімінің көлемі 38 миллиард теңгеге жуықтады. Мал шаруашылығы бойынша өндіріс 22,4 пайызға артқан. Түйе шаруашылығы да кеңейіп, түйе сүтін өңдеу мен экспорттау жобалары іске асуда. Сонымен қатар Ақтауда Каспий теңізінде теңіз албыртын өсіруге бағытталған Орталық Азиядағы алғашқы аквашаруашылық жобасы басталды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.


Жалпы көрсеткіштің жартысынан көбі мал шаруашылығына үлесі. Әсіресе, Маңғыстаудың климаттық ерекшелігіне байланысты түйе шаруашылығы басым бағыт ретінде қалыптасқан. Бүгінде облыста 95 мыңға жуық түйе бар. Бұл елдегі ең көп көрсеткіш.


Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:


- Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 22,4 пайызға өсті. Қазір облыста 95 мыңға жуық түйе тіркелген. Түйе сүтін терең өңдеп, экспортқа бағыттаған үш ірі жоба іске асырылуда. Биыл автоматтандырылған түйе сауу цехы ашылды.


Жергілікті өнім көлемін арттыру және маусымаралық тапшылықты болдырмау үшін өңірде сыйымдылығы 4 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр. Алдағы үш жылда агроөнеркәсіптік кешенде жалпы құны 23,6 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл жобалар ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтуға бағытталған.


Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:


- 2025–2027 жылдары агроөнеркәсіптік кешенде жалпы құны 23,6 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Сонымен бірге ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту аясында 43 ветеринариялық пункт пен бір станция пайдалануға беріледі.


Балық шаруашылығы өңір экономикасындағы басым бағыттардың біріне айналып келеді. Ақтауда Каспий теңізінде теңіз албыртын өсіруге бағытталған Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 5 мың тоннаға дейін балық өндіру жоспарланған.


Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:


- «Organic Fish» компаниясының жобасына 11,9 миллиард теңге инвестиция салынды. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 5 мың тоннаға дейін теңіз албырты өндіріледі.


Мамандардың айтуынша, Каспий теңізінің табиғи жағдайы аквашаруашылықты дамытуға қолайлы. Осы бағытта 2025–2027 жылдары өңірде тағы төрт ірі жоба іске асырылмақ. Бұл балық шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.