Ауыз суға қатысты 66 жоба жүзеге асып жатыр

Биыл Ақмола облысының 16 ауылына сапалы ауыз су тартылады. Қазір жалпы құны 10 миллиард теңгеден асатын 14 жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде 7300 тұрғын таза сумен қамтылады. Сондай елдімекендердің бірі – Сәкен Сейфуллин ауылы.

Сәкен Сейфуллин ауылын таза сумен қамту үшін 3 жарым шақырым магистральді желі сондай-ақ, ауыл ішінде 12 шақырым құбыр тартылды. Жұмыстар қыркүйек айының басынан бері жүріп жатыр. 

Мұрат Бекболатов, мердігер компанияның өкілі: 

– Құбыр салу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі сорғы станциясындағы жұмыстарды атқарып жатырмыз. Резервуар орнатылуда. 

Ауылды сумен қамтуға 540 миллион теңге бөлінді. Қазір аудан бойынша бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. 

Әуезхан Шоманов, Зеренді аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы: 

– Бұл нысандағы мердігердің жұмысы сапалы. Кестеден озып келе жатыр. Жалпы бізде аудан бойынша 16 жоба дайын. Әлі 79 елді мекен бар. Сол ауылдарды да таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз еткіміз келеді.

Сәкен Сейфуллин ауылында 100 түтін, 380 тұрғын бар. Орталықтандырылған ауыз суды ауыл халқы көптен күткен.

Бүркітбай Қалиев, С. Сейфуллин ауылының тұрғыны:

– Су тартылу әрбір үйге, отбасына, үйлеріне жүргізіліп жатыр. Бұл суды біз 30 жыл күттік. Мұз ойып, атпен, шелекпен су тасып, сондай күндер өткіздік басымыздан. Өте қуаныштымыз.

Ауылдағы жұмыстар жақында толық аяқталмақ. Сәтін салса қазан айының соңында су беріледі. Жалпы биыл Ақмола облысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бойынша 31,4 миллиард теңгеге 66 жоба жүзеге асып жатыр. Оның 42-і осы жылы аяқталмақ.