Балаларға қауіпті 38 мың сайт бұғатталған
Биыл елде балаларға қауіпті деп саналған 38 мың сайт бұғатталған. Олардың көбі түсініксіз чат-боттар, әлеуметтік желідегі аккаунттар мен ойындар. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, соңғы он айда 200 -ге жуық бүлдіршін кибербуллингке тап болған екен. Бұл термин заңға 2022 жылы қосылған. Ал былтыр әкімшілік жауапкершілік енгізілген. Мақпал Рахатқызы тарқатады. Желіде кішкентай баланы қорқытып, үркітіп, келемеждейтіндер, сеніміне кіріп, алдайтындар азаймай тұр. Елімізде әрбір бесінші бала осындай кибербуллингке ұшырайды екен.
Мадина Бисембаева, ҚР Балалардың құқықтарын қорғау
комитетінің баспасөз хатшысы:
- Балалардың әлеуметтік желідегі белсенді болуы мамандар
мен ата-анадан жаңа дағдыларды талап етеді. Бұл қауіп қатерді анықтап, баланы
зиянды контенттен қорғауға дер кезінде мүмкіндік береді.
Бала түгілі, үлкеннің есін алатын тикток пен инстаграмға
тіркелу оңайдың оңайы. Верификация қажет емес, жас шектеуі жоқ. Ішінде бопсалау
мен боқтық, әбес қылық толып жүр. Бірнеше күн бұрын осынау күрмеуі қиын
мәселені мінбердегі депутаттар да қозғап еді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Қазақстанда тикток пен инстаграмды айтатын болсақ, 6
жаста, 5 жаста тіпті ата-ананың ешбір ескертуінсіз, верификациясыз тіркелуге
болады. Ал басқа мемлекеттерді алатын болсақ, оларда мұндай заңдар қабылданып
жатыр.
Психологтардың айтуынша, әл желіде буллингке ұшыраған
балалар шынайы қоғамнан оқшауланады. Іс-әрекетінде агрессия көбейеді
дейді. Тіпті көп жағдайда, кейбір
мультфильмдермен ойындардың өзі баланың психикасын ақырындап бұза бастайды
екен. Соңғы кезде психолог Роза
Сандыбаеваның алдына келетін ата-аналар саны артыпты.
Роза Сандыбаева, психолог:
- Балаларды қызықтыратын өзге де ермектері болуы керек.
Үйірме, спорт дегендей. Сонда гаджет қарауға уақыттары да болмайды. Әрі оларға
смартфоннан да қызықты дүниелер бар екенін ұғады. Осы ретте аналар баласына
жақсылап көңіл бөлуі керек.
Мамандардың айтуынша, кибербуллингке ұшыраған балалардың
тең жартысы болған жағдайды ата-аналарына айтуға қымсынады екен. Осы ретте
жеткіншектің смартфондағы өмірін қадағалап отыру аса маңызды,- дейді мамандар.
Бұл желідегі «ата-ана бақылауы» функциясы. Баланың аккаунтын осылай өз аккаунтыңызға жалғап қойсаңыз жеткілікті. Сонда сізге бүлдіршіннің кіммен сөйлесіп, кімге тіркеліп, не көріп жатқаны туралы хабарлама келіп отырады
Әлем елдерінің 40 пайызы мектептерде смартфон қолдануға
тыйым салыпты. Ал Нидерланд, Англия сияқты мемлекеттерде бүлдіршіндер
ғаламторға ата-ананың рұқсатынсыз кіре алмайды екен. Біздің елде де заң
нормалары жаңарса, виртуалды әлемнен озбырлық көргендер саны азаяды дейді
мамандар.

