Балқаш пен Арал - Халықаралық ұйымдар назарында

Франция Балқашқа 1 млн еуро бөлмек. Бұл қаржы көлдің су ресурстарын басқаруды дамытуға жұмсалады. One Water Summit-інде еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Франция даму агенттігі және геологиялық және тау-кен бюросы осындай келісімге қол қойды. Құжат Балқаш суының жай-күйін бағамдауға, талдауға, климаттық және антропогендік әсерін анықтауға, судың балансын болжауға жол ашады. Француздар аталған көлде ауқымды зерттеу жүргізеді. Соның нәтижесі бойынша алдағы 15 жылдың Бас жоспары әзірленеді.

One Water Summitінде Арал теңізі де назардан тыс қалмады. Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық Қайта құру және Даму банкімен де ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұл құжат Арал теңізінде және оған жақын аймақтың ахуалын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ, су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару әдістерін, суарудың тың технологияларын, су ресурстарын есептеудің жаңа тәсілдерін үйретпек. Сол үшін  бірлескен тренингтер, семинарлар, жұмыс кездесулері мен конференциялар ұйымдастыралады.