Қ.Тоқаев бірнеше елдің Президенттерімен келіссөз жүргізді

Қ.Тоқаев бірнеше елдің Президенттерімен келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында бірнеше мемлекет басшыларымен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Президент Румыния көшбасшысы Клаус Йоханниспен кездесуінде елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде екіжақты сауда-саттық көлемі 20%-ке артып, 1 млрд 300 млн долларға жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру керек деді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біз Румынияны достас мемлекет ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің тарихына, жүргізіп отырған саясатыңызға және халқыңыздың дәстүріне құрметпен қараймыз.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесуінде 2024 жылы Подгорицада еліміздің консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Мемлекет басшысының айтуынша,  бұл қадам екі ел арасындағы іскерлік және тұлғааралық байланыстарды дамытуға тың серпін береді.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біздің елдеріміздің арасы жақындай түсті. Себебі азаматтарымыз Астанадан Подгорицаға тікелей әуе рейсімен ұшады. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам визасыз режимді пайдаланады. Қазақстан азаматтары Черногорияға еңбек демалысын өткізу үшін ұшып барады. Әрине, бұл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді.

 

Сондай-ақ Қазақстан Португалиямен де байланыстарды арттыруға ниетті. Мемлекет басшылары IT саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. Ал Моңғолия президентімен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, екі елдің Іскерлік кеңесін құруды ұсынды. Кения Президентімен кездесуде өзара сауда-саттықты арттыру әңгіме өзегіне айналды. Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндіктерін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапарының бағдарламасы Корея Республикасы Президентімен кездесуімен аяқталды. Юн Сок Ёль кореялық компаниялардың машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы салаларында Қазақстанмен бірлескен жобаларға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.